Отаным – тағдырым!
Отан!- деген сөзім қандай әдемі!
Көзге елестер бүкіл қазақ әлемі.
Таңдандырды жан-жағымды – бай өлке,
Қарапайым, кең дастархан, әдебі.
Атам қазақ аңсағаны еркіндік,
Сақтау үшін азаттықты бекіндік,
«Қастығы жоқ қазақ» деген аңыз бар,
«Татулықтың символымыз» сертім нық.
«Отаным» деген жас жүрегімнен шыққан асыл сөзді мақтанышпен, асқақтықпен айта аламын. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау арман еткен заманға тер төге, көп күш жұмсай жеткен елімді мақтаныш етемін. Талай жылғы ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік пен теңдік есігін айқара ашты. Еліміздің күні оңынан туып, жарық жұлдыздар шоғыры ұлттық намыс пен арымызды тудай желбіретті. Әрине, бұл күн оңайлықпен келмегені белгілі. Еліміздің арыстары талай жылдар басын тау мен тасқа ұрып, тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін аянбай күресіп табандылық пен асқан қайсарлық, шыдамдылық пен беріктік танытты. Барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған бес арыс, ұлы Отан соғысында елім деп жанын пида еткен қайтпас қыран алаш азаматтары, жүректері оттай жалындаған желтоқсан қаһармандары.... Айта берсе жалғаса берер елінің асыл ұрандары, асқақ рухты азаматтарының ерен ерлігінің арқасы деп білемін.
Өз Отаныңның, өз еліңнің патриоты болғаныңа не жетсін! Сайын дала-атажұрт бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше осындай алып Отанды сүйіп өту кімге де болсын парыз, әрі қасиетті міндет. Әр Қазақстан Республикасының азаматы не істеу керек? Ол мемлекеттік тілін білу, барлық халықтардың дәстүрлерін құрметтеу, өз Отанын қорғау керек. Себебі Қазақстан-біздің ортақ үйіміз, біздің Отанымыз. Яғни, осындай егеменді елдің, ұлан ғайыр жердің болашақ ұрпағы-біз қандай болуымыз керек? Біз-жан-жақты дамыған білімді, сауатты, бірнеше тілді еркін меңгерген, интеллектуалды ой-өрісі кең, осындай мемлекетке сай ұрпақ болуға міндеттіміз. Қазіргі Қазақстан- егеменді, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Бізге әлі де алға ұмтылу керек. Ғылымды дамыту, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын, мәдениетін көтеру және осы жолға апаратын көптеген кедергілерді жою керек. Әрине, Қазақстанның алар асуы, шығар биігі әлі алда. Бүгінгі Қазақстан Астанасын бас қала етіп, дамыған мәдениет пен экономиканың, білім мен ғылымның орталығына айналдыра, елінің тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, дүние жүзіне танытуға күш салуда. Осындай қиыншылықпен келген егемендігіміздің туын желбіретіп, ата-бабаларымыздың армандаған тілектерін орындау мақсатында, болашақта елімнің дамыған алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттердің алдында болуына мен де өз біліміммен, еңбегіммен үлесімді қосқым келеді. Мен өз елімді, өз жұртымды жақсы көремін және мақтан тұтамын! Елім үшін қолымнан келгеннің бәрін аямаймын!
Қорыта келе, аяулы Отаным –Қазақстан туралы айтарымыз да, мақтанарымыз да көп-ақ!.. Ендеше, тағдырым- Отанымызды көркейтетін, байытатаын, өз бақытының иесі болуына қол жеткізетін халқым, біз сияқты ұрпақтары екен. Мен де «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігің тап та, бар қалан!» деген Абай атам өсиетін есіме мықтап ұстадым!
Кәрімжанова Бекзат
Терсақан негізгі мектебінің 5-сынып оқушысы