Ана тілім – дана тілім
Тілім менің – тірлігімнің айғағы,
Тілімменен тани білдім дананы.
Талай ғасыр тағдырларын тізбектеп
Тізіп келген тілімнің солып қалмауы.
Тарихымның түп-тамырын тануым,
Тереңінен теңіздің суырып алуым,
Талмай қыран қанатын самғатқан
Тік ұстадым тілімнің көк туын!
Ана тілім – анамның ақ сүтіндей,
Дана тілім – даналардың үніндей.
Дара тілім, қасиетіңді сен үшін
Сақтап келем құс жолында сүрінбей.
Сен едің, Тілім, бесік жырын жырлатқан,
Сен едің, Тілім, ертегіңді тыңдатқан.
Сан ғасырдың тоқсан ауыз толғауын
Сен арқылы Жырауды естідім толғаған.
Санаға құйдым мінсіз асыл сөз сырын,
Асыл ойдың тұңғиығының бір қырын
Қазағымның төрінен орын алған
Тіл арқылы Үш Биімнен ұғындым.
Абай тілін сен арқылы таныдым,
Тамсандым естіп үнін Жамбылдың.
Көркем сөзден өң бойыма нәр алып,
Сен арқылы рухани шексіз байыдым.
Сен арқылы Мұқағалимен сырластым,
Сен арқылы Фаризадай жыр шаштым.
Ұлы тілдің даналығын паш еткен
Тани білдім Ұлыларын Қазақтың.
Тіл – тірегі, қазағымның жүрегі,
Дәстүрі мен өнері оның – тиегі.
Жоғалтпайтын қасиетті мұрасын,
Елбасындай болса екен Ерлері!
Жан ашыры тілінің, жан асылы –
Мұхтардайын болса екен ел баласы.
«Төрт ананың» бірі болған Тілімнің
Тұғыры биік Елімнің алтын мұрасы!
Ана тілім, дана тілім, дара тілім,
Шыңындасың өшпейтін алтын күннің.
Ғасырдан ғасырларға оза берген,
Мәңгілік тілі болғайсың бейбіт Елдің!
Терсақан негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәні
мұғалімі Молдыбаева Ә.А.